10-сынып оқушыларымыз Астана қаласында өткен «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарына қатысып келді. Семинар Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының кітапханасында өтті. Семинар қатысушылары Республикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымының өкілдерімен кездесті. Биыл балалар қозғалысы алғашқы 5 жылдық мерейтойын тойламақ. Оның қатарына еліміздегі 1,5 миллионға жуық мектеп оқушысы кірген. Балалар Елбасымыздың жаһандық бастамалары мен идеяларын жан-жақты зерделеді. Кездесу марапаттау рәсіміне ұласты. «Әлемді өзгертетін идеялары» семинарының тыңдаушыларына сертификаттар және естелік сыйлықтар табысталды.
Қарағанды облысы білім беруді дамытудың әдістемелік орталығы 31.10-4.11 аралығында №2 Қазақ-түрік лицей-интернатында аудан мектептерінің информатика пәні мұғалімдеріне арналған семинар ұйымдастырды. Семинарда мұғалімдер робототехника және 3D-принтерлердің қыр-сырларын жан-жақты үйренді.
Қазан айының 14 жұлдызында лицейімізде өзін-өзі басқару ұйымының президентін сайлау өтті. Одан бір апта бұрын 10-шы сынып оқушыларының ішінен мектебіміздің дамуына үлес қосу ниетімен 5 оқушы өздерін президенттікке ұсынды. Олар: Аманжолова Томирис, Иманжүсіп Әсем, Нұрмағамбет Диана, Оразова Сымбат, Сүлейменова Ақерке. Бес үміткеріміз бір апта бойы үгіттеу-насихаттау жұмыстарын жүргізді, яғни оқушылар мен мұғалімдерді келешек жоспарларымен таныстырып, мектебіміздің әрі қарай дамуына арналған бағдарламаларын ұсынды.
Сайлауға, мектеп ұжымы мен оқушыларды санағанда, жалпы 169 адам қатысып, өз таңдауларын жасады. Нәтижеде дауыстардың 47,9% Аманжолова Томирис жинап, мектебіміздің жаңа президенті атанды. Сонымен қатар лицейдің ұстаздарынан құрылған комиссия парламент мүшелерін де анықтады.
18 қазан күні мәжіліс залында жаңа президенттің ант беру рәсімі өткізілді: былтырғы оқу жылынан бері парламент басшысы міндетін атқарып жатқан Ахантаева Азиза жаңа таңдалған президентке мектеп «кілтін» табыс етіп, өз өсиет-тілектерін айтты. Ал лицейдің жаңа президенті атанған Аманжолова Томирис лицейді көркейту және дамыту жолында адал қызмет атқаратынына ант берді. Бір жыл бойы ерінбей еңбек етіп, лицей өміріне зор үлес қосқан барлық парламент мүшелеріне алғыс хаттар табыс етілді.
Жаңа лицей президенті мен парламент лицейіміздің туын биікте ұстап, одан әрі дамуына себепкер болатындарына сенімдіміз!
15 қазан күні лицейімізде педагогикалық консилиум өтті. Мектебімізде дәстүрлі түрде өтетін бұл іс-шара пән мұғалімдері мен оқушының ата-анасы арасында баланың оқу үлгерімі, тәртібі мен жеке ерекшеліктері жайлы кеңінен ой бөлісуге мүмкіндік береді.
Сонымен қоса ата-аналарға арнап үйірмелер көрмесі ұйымдастырылды. Лицейімізде биыл ғана ашылған «Қыз Жібек» инабаттылық оқу орталығы ата-аналарға өз жоспарларын түсіндіріп, робототехника, шахмат, TEDx, волейбол, дебат және тағы да басқа үйірме жетекшілері өз жұмыстарымен таныстырды. Осы мүмкіндікті пайдаланып мектебіміздің «Шапағат шуағы» ұйымы қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Қарттар күніне орай оқушыларымыз концерттік бағдарламамен қарттар мен мүгедектер үйіне барып қайтты. Жақында ғана мектеп ішінде 10 «А» сыныбының ұйымдастыруымен «Шапағат шуағы» атты қайырымдылық клубы ашылған болатын. Клуб өзінің алғашқы шарасы ретінде қарттар үйіне баруды жөн көрді.
№2 қарттар мен мүгедектер медициналық әлеуметтік мекемесінде зейнеткерлер, мүгедектер, «Алтын Алқа», «Күміс Алқа» иегерлері, Ұлы Отан Соғысының ардагерлері де бар екен. Оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, қартайғанда жалғыздықтан жапа шегіп, тағдырдың тауқыметін тартқан ақсақалдардың көңілдерін аулап, арнайы сыйлықтарын ала келуді де ұмытпады. Әр сынып өз қолдарымен тәттілер пісіріп ата-әжелеріне ұсынды. Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер өз өнерлерін табыс етіп қарттарымыздың көңілінен толықтай шыға алды. Концерттік бағдарлама соңында әжелеріміздің көңілі босап, бір көз жасын төгіп, қыздарға деген алғыстары мен тілек-баталарын айтты.
Әлі күнге дейін әлпештеп өсірген анасын, мойнына мінгізіп еркелетіп, баласының игілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, белі қайысқанша еңбек еткен әкесін ұмытып қартайған шағында өмір тәлкегіне тастап кеткен тас жүрек балалар да арамызда болғаны өкінішті-ақ. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп те айтқан бұрынғылар. Яғни, әке-шешеңе қандай құрмет көрсетсең, ертең балаларың да саған сондай құрмет көрсетпек. Құрметті ата-анамен қатар барлық қарияларға көрсету парыз. Бұл біздің ата дәстүрін жалғастырғанымыз және өз адамгершілігімізді бағалағанымыз болмақ.
Оқушылардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту мақсатында Қарағанды экономикалық университеті лицейімізге білім беру робототехникасы бойынша жинақтар сыйға табыс етті.
Университеттің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор, академик Аймағамбетов Ерқара Балқараұлы лицейімізге 10 роботты сыйға тартты. Сыйға тарту рәсіміне Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы А.Қ.Аймағамбетов, мектеп әкімшілігі мен оқушылар қатысты. Лицейіміздің мұғалімдері робототехникалық конструкторларды әрекетте көрсетті. Бұл жинақтар сыныпта қолдануға тиімді және оқушылардың логикалық ойлау, зияткерлік қабілеттерін және шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуына мүмкіндік береді.
Осындай көмек көрсеткен Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Аймағамбетов Ерқара Балқараұлына үлкен алғысымызды білдіреміз!
«KATEV» ХҚҚ ұйымдастыруымен оқушылар және мұғалімдерге арналған кітап оқу жарысы өз бастауын алды. Бұл жарыс қорға қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары арасында, жергілікті мұғалімдер және шетел азаматтары арасында өткізіледі. Сайыстың бас жүлдесі - iphone7. Оқу керек кітап тізімі астыдағы кестеде көрсетілген.
Оқушылар арасында өткізілетін «Төрт кітап» жарысында оқылатын кітаптар тізімі:
№ р/с |
Шығарманың аты |
Авторы |
1. |
«МЕНІҢ АТЫМ ҚОЖА», «БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ» |
БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ |
2. | «ҰШҚАН ҰЯ» |
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ |
3. | «МІНӘЖАТ» | СМАҒҰЛ ЕЛУБАЕВ |
4. |
«СОҢҒЫ КӨШ» |
ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ |
Қазақстандық мұғалімдер арасында өткізілетін «Төрт кітап» жарысында оқылатын кітаптар тізімі:
№ р/с | Шығарманың аты | Авторы |
1. | «АҚ БОЗ ҮЙ» | СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ |
2. | ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЛЫМЫ» | МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВ |
3. | «АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ» | ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ |
4. | «ДАРАБОЗ» | ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ |
Ал, шетел азаматтары арасында "Абай оқулары" жарысы өткізіледі.
«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деп Елбасымыз өз жолдауында айтқанындай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі пән мұғалімдері ерен еңбек етіп, болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге аянбай тырысып жатыр. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім- барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жан. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
1-қазан күні лицейімізде мұғалімдер күні «Ұстаз болу – жүректің батырлығы...» атты мерекелік бағдарламамен аталып өтті. Жалпы бір күнге созылған бағдарламаны оқушыларымыз «Әр ұстаз - өз пәнінің патшасы» деген тақырыпта өткізді. Лицейдің өзін-өзі басқару ұйымы және 11-ші сынып оқушылары бірлесе отырып, өзінен төменгі сыныптарға сабақтар өткізді, мұғалімдерден құралған сынып та болды. Оқушылар сабақ өткізу арқылы мұғалім болудың қиын да қызықты кезеңдерін сезіне білді. Сабақтардың арты мерекелік концертпен жалғасты. Әр сынып оқушылары концерт барысында мұғалімдерге ыстық лебіздерін өлең шумақтары арқылы жеткізді, өз өнерлерін ортаға салды, сондай-ақ ән мен би, КВН, мағыналы көріністерін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді. Ұстаздарға мәңгілік құрмет белгісі ретінде, өз қолдарынан жасаған шағын сыйлықтарын да табыс етті.
Өнегелі ұстаздан өнерлі шәкірт шығары сөзсіз. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі - қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы- жас ұрпақ тәрбиесіне де, біліміне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім екені де сөзсіз...
«Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өз халқы үшін – ұлы», — деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, тіл – халқымыздың қазынасы, сан ғасырлар бойы жүріп өткен жолымыздың шежіресі.
Жыл сайын 22-қыркүйек күні аталып өтетін Қазақстан халықтарының тілдері күні. Біздің лицейімізде «Тілі бөлек-тілегі бір» атты апталықпен тамашаланды. 19-24- қыркүйек аралығында өткізілген бұл іс-шаралардың басты мақсаты- оқушыларға мемлекеттік тілімізді қастерлеуге, елімізде мекен ететін өзге ұлттардың тілін, мәдениетін құрметтеуге, дәріптеу, ұлттар арасындағы толеранттылықты Елбасының үштілділік саясатын насихаттау. Апта бойы қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдеріне арналған қызықты іс-шаралар өткізілді.
Алғаш болып, қазақ тілі пән мұғалімдері «Салт-дәстүр – асыл қазынам» атты көрме-сайыс өткізді. Әр сынып қазақ ұлттық тағамдарынан дастархан әзірлеп, ұлттық киімдер киіп, салт-дәстүр, әдет- ғұрып бойынша қойылған сұрақтарға ұтқыр жауап бере білді. Келесі күні «Кокошник» сайысы өтті. Қыздарымыз бұл сайысқа орыс халқының ұлттық бас киімін өз қолдарымен жасап, өз өнерлерін көрсетті.
Түрік тілінен мәнерлеп оқудан сайыс өткізілсе, ағылшын тілінен «Tresure game» ойынында қыздарымыз біраз көнілденіп алды. Апталықтың жабылу салтанаты мерекелік концерт ретінде өткізілді. Апта бойы үздік атанып, сайыстарда озық көрсеткіш көрсете білген оқушыларымызды марапаттап, лицейіміздің директоры Егенбердиев Қанат Әлімжанұлы да өз құттықтау сөздерін жеткізді.
Тәуелсіздігіміздің тұғырын асқақтатып, көк байрағымыздың биікте желбіреуіне туған тіліміз - қазақ тілінің мәртебесін көтеру қаншалықты маңызды екені баршамызға мәлім. Олай болса, осындай мағыналы іс-шаралар жалғасын таба берсін демекпіз.
Қыркүйек айының 16-шы жұлдызында Қарағанды облысының №2 қазақ-түрік лицей-интернатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен отбасы күніне орай «Толағай» отбасылық сайысы ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты –оқушыларымызды спортқа баулу, отбасы бірлігі мен салауатты өмір салтын насихаттау, отбасы мен лицей арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
Сайысқа 7-8- сыныптардың ата-аналары мен оқушылары қатысты. Әр сыныптан әкесі, анасы және баласынан тұратын отбасылық команда шығарылды. 7 «А» сыныбынан «Барыс» тобы, 7 «Б» сыныбынан «Gryffindors» тобы, 8 «А» сыныбынан «Шаңырақ» тобы, 8 «Б» сыныбынан «Алау» тобы сайысқа қатысты.
10 кезеңді қамтыған аталмыш бәсекеде білім мен спорт саласынан бақтарын сынаған отбасылық топтар өз белсенділіктерін таныта білді. Ойын барысында ең алдымен топтар өздерін таныстырып, содан кейін ойын шарттары түсіндіріліп, ойынға білек сыбана кірісті. Отбасыларымыз қызыққа толы бірнеше ойын бөліктерінен еш сүрінбестен өтіп, ойын соңында қазылар алқасы берген ұпайлармен бағаланып, жеңімпаздар анықталды. Спорттық іс-шара өз мәресіне мақсатты түрде жетіп, көрермендер ерекше көніл-күймен қайтты.
Бас жүлдені 8 «Б» сыныбының «Алау» тобы, І-ші орынды 8 «А» сыныбының «Шаңырақ» тобы, ІІ-ші орынды 7 «Б» сыныбының «Gryffindors» тобы, ал III-ші орынды 7 «А» сыныбының «Барыс» тобы иеленді. Әрбір ата-ана баласының білімді, білікті, денсаулығы мықты, еліне ерінбей еңбек ететін азамат болып шыққанын армандаған отбасы, мектептің барлық іс-шараларынан қалмай бір қолғанат етуге әзір екендіктерін көрсете білді.
Осындай сайыстардың еліміздің болашағы - жас ұрпақты тәрбиелеуде, салауатты өмір салтын, отбасылық құндылықтарды насихаттауда үлкен үлесі бар деген сенімдеміз.
2016-2017 оқу жылындағы алғашқы сабақтың тақырыбы: «Мен – өз елімнің патриотымын!». Сабақтың мақсаты - оқушылардың Отанына деген ұшқыр сезімдерін ояту; Отанды сүюге; туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыруға; халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, әрі қарай жалғастыруға; өз Отанының ұлтжанды азаматы болуға және өз елінде тұратын өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерін сыйлап, құрметтей білуге тәрбиелеу.
Біздің еліміз - Қазақстан! Бұл әрбір дала перзентінің көкірегінде мақтанышпен айтатын сөзі. Елбасы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан теріңді аянбай жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа»,-дейді. Расында да, болашақта өз елінің қожасы да, иесі де өзіміз боламыз. Жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді еліміздің ертеңіміз.
Біз - еліміздің экономикасын, мәдениетін, білімін көтеретін азаматпыз. Жаңа дәуір көшін жалғастыруға, халқымыздың әл-ауқатының артуына, еліміздің көркейіп, нығаюына үлес қосу басты борышымыз деп санаймыз.
Бұл ғасыр-білім ғасыры. Еліміздің дамуы үшін, Қазақстан әлем танитындай бәсекеге қабілетті ел болуы үшін бүгінгі жас ұрпақ білімді болуы шарт. Ақыл мен сананың, білім мен біліктің бәсекеге түсер ғасыры, ертеңін ойлайтын ел болғандықтан, Елбасымыз шәкірт біліміне аса көңіл бөліп отыр. Ертеңгі күннің бүгінгі күннен нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға жетелейтін күш білімге ғана тән. Сондықтан біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұр.
Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, имандылық ісімен қорғап қалған ұлан-байтақ жеріміз бізге аманат. Сол жауапкершілікті тереңірек сезінсек.
Әрбір баланың қанаты қатайып, елі мен жерінің адал азаматы болып шығуына мектептің қосар үлесі орасан зор. Себебі, ұстаз шәкірті үшін ерекше жан. Ол талай жанның жаратылысындағы жақсы қасиеттердің ашылуына себеп болумен қатар, олардың адал азамат, білікті маман болып шығуы үшін талмай еңбек сіңіреді. Осындай жаны жайсаң жандардың мерейін өсіріп, марқайтып тастайтын мереке ол, әрине, Білім күні! Біздің де, №2 Қарағанды қазақ-түрік лицейінде де шуақты қыркүйек айының алғашқы күні барша оқушы қауым алтын ұя мектебіне қайта оралып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған 7- сыныптармен бірге сыңғырлаған қоңырау үнімен табысты.
Бұл күн тек 7- сыныптар үшін ғана емес, онымен қоса 11 сыныптар үшін де санаулы уақыттан соң үлкен өмірге жолдама беретін жауапты күннің жақындағанын ескертетін тәрізді. Сағат 10.00-де мектепішілік ұстаздар мен оқушыларға арналған салтанатты жиын мемлекеттік Әнұран айтумен басталып, лицей директорының құттықтау сөзімен жалғасты. Қанат Әлімжанұлы 2015-2016 оқу жылындағы лицейдің жеткен жетістіктерімен бөлісті: «Біздің түлектеріміз ҰБТ-ға қатысып жақсы нәтиже көрсетті. Жалпы балл-105,5%. 21 оқушы 100-ден аса балл алды. 7 оқушы «Алтын белгіге», 6 оқушы «Қызыл аттестатқа» ие болды. Ең жоғарғы балл иегері – Балтабекова Дамели, 120 балл. Лицейіміздің түлектері СДУ, Назарбаев, Оңтүстік Кореяның UNIST және т.б әйгілі университеттердің студенттерінің қатарына қосылды. Оқушыларымыз халықаралық, республикалық, қалалық, «KATEV» білім олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарына қатысып, белсенділік танытты».
Білім күніне арналған салтанатты жиыннан кейін барлық сыныптарда «Мен өз елімнің патриотымын!» атты тақырыппен ашық сабақтар өткізілді.
8-қыркүйек күні Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Аймагамбетов Асхат Қанатұлы Егенбердиев Қанат Әлімжанұлын №2 қазақ-түрік лицейінің жаңа директоры ретінде ресми түрде тағайындап, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. А.Қ.Аймгамабетов мырзаның лицейімізге сапарының мақсаты білім беру жүйесіндегі инновациялық өзгерістер, білім беру ұйымдарының мемелекеттік саясатты жүзеге асырудағы , мұғалімдердің сапалы білім берудегі қызметтеріне баға беру және өзекті мәселелерді анықтау болатын. Лицей басшысы Егенбердиев Қанат Әлімжанұлы лицейдің атқарып отырған жұмыстарын баяндап, жалпы мектептің оқу және тәрбие үрдісімен танысты.
Сонымен қатар Асхат Қанатұлы білім саласындағы қызметкерлерімен, жұмысшылармен кездесіп, жиналыс өткізді. Жиналыс барысында мұғалімдердің жаңа форматтағы біліктілігін арттыру, кәсіптік бағдар беру және көптілдік мәселесіне тыңдарман қауымның назарын аударды.
Instagram: | instagram.com/bil.kargirls |
Facebook: | facebook.com/karkyzbilim |
Youtube: | KarKyzBilim TV |